ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» президенттік бағдарламасы аясында алғашқы нәресте дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке биылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Осы бағдарламаға сәйкес 34 жастағы Ольга Н. (әйелдің сұрауы бойынша есімі өзгертілді) Алматыдағы репродуктивті медицина институтының репродуктолог дәрігері Людмила Бадельбаеваға жүгінді.
Мұның алдында ол төрт жыл емделгенімен, нәтижесі болмаған екен. Енді, міне, «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында оның арманы орындалып, әйел өмірге салмағы 3250 грамм қыз баланы әкелді.
Басқарма мәліметіне қарағанда, қазір анасы мен қызының дені сау. Нәресте аман-есен өсіп келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).