БҚО-да аңшылық кезінде ауылдасын атып өлтірген тұрғынға үкім шықты

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында аңшылық кезінде қаруын ұқыпсыз пайдалану салдарынан өз танысының абайсызда өмірін қиған ауыл тұрғынына қатысты сот үкімі шықты.

Фото: Kazinform

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 2026 жылдың ақпан айында далалық аймақта болған. 

Жергілікті бірнеше тұрғын аң аулау мақсатында қару алып шыққан. Аң аулау барысында жолдан кездескен бірнеше қоянды атып алып, демалу үшін тоқтаған. Сотталушы өзіне тиесілі атыс қаруын жабысқан қардан тазалаған уақытта абайсыздық танытқан.

Атап айтқанда, қарудың оқтаулы екенін біле тұра, немқұрайлылық танытып, саусағы мылтықтың ілмегіне тиіп кеткен. Содан атылған оқ ауылдасына тиіп, ол алған жарақатынан сол жерде қайтыс болған.

— Тергеу амалдары жүргізіліп, сотталушыға қатысты абайсызда адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қаралды. Оның кінәсін мойындап, шын ниетпен өкiнуі, асырауында кәмелетке толмаған балаларының бары, жәбірленуші өкілінің пікірі ескеріліп, бір жыл алты айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 12 жастағы қыздың ауруханада көз жұмуына байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын жазған едік.