БҚО-да ардагер журналист Мәжит Жаданов жер қойнына тапсырылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылында өңірге танымал соғыс және еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Мәжит Жаданов жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.



Аудандық мәдениет үйінде өткен марқұммен  қоштасудан кейінгі қаралы жиында аудан әкімі Лавр Хайретдинов 93 жасқа қараған шағында өмірден озған Мәжит Ғұмарұлының өмірбаянымен таныстырса, облыста басшы қызметтер атқарған еңбек ардагерлері Әділғазы Нұрғалиев, Жайсаң Ақбай, Мүсір Айтасов естелік-ойларымен бөлісті. Облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сырымбек Тұяқов «Жайық Пресс» ЖШС атынан марқұмның отбасы мен тума-туысқандарына көңіл айтты. Қаралы жиын барысында сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Атырау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев, Парламент депутаттары Рашит Ахметов, Бірғаным Әйтімова, Ерболат Мұқаев, Қабиболла Жақыпов, Кеңес Әбсатыров, Аманжан Жамалов, Шафхат Өтемісов, Бақтияр Мәкен, Снежанна Имашев және басқа танымал тұлғалардың аттарынан жолданған көңіл айту жеделхаттары оқылды.

 

Мәжит Жаданов 1924 жылы 19 қыркүйекте Жаңақала ауданының Дөңгелек елді мекенінде дүниеге келді. Жалпақтал ор­та мектебін бітіріп, 1942 жылы қызыл әскер қатарына шақы­ры­­лады, 1943 жылдың 5 шілде­сін­де Воронеж майданының 680-атқыштар полкінің құрамында Орал - Курск иініндегі сұрапыл соғыс­тың қанды айқасына түс­ті. Онда Белгород, Белая Церковь қалаларын жау қолынан босату­ға қатысты. 1945 жылы елге же­ңіспен оралғаннан кейін Сакко орталау, Мәстексай орта мек­тептерінде мұғалім болып, ең­бек жолын жалғастыр­ды. 1949-1954 жылдары аудан­дық оқу бөлімінде мек­теп инс­пекто­ры, Қазақстан КП аудан­дық ко­митетінде насихатшы, 1954-1961 жылдары «Екпінді  құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінің меншікті тіл­шісі болып қызмет істеді. Кейін  Фурманов аудандық «Колхоз туы» газетінің редакторы қызме­тін атқарды. 1962 жы­лы облыс­тық партия комитетінің атынан шығатын «Коммунист» газетінің редакторы қызметін атқарып, оны ай­мақтың өндірістік басқар­маға қарас­ты төрт ауданның (Фурманов, Қазта­ловка, Жәнібек, Жаңақала) оқырман­да­рына та­ралуын қамтамасыз етті. Мәжит Ғұмарұлы облыстық партия ко­­митетінің жолдамасымен 1962-1964 жылдары Мәскеу қаласын­дағы СОКП Орталық комитеті жанындағы жоға­ры партия мекте­бінде оқыды. Оқу орнын тәмамдаған соң  Фурманов  аудандық партия комитеті хатшысының орынбасары, «Коммунист» газе­тінің редакторы, халық депутат­тары Фурманов аудандық кеңесі атқару комитеті төр­ағасының бі­рінші орынбасары қыз­меттерін атқарып, өзін ұйымдастыру­шы­лық, іскерлік қарым-қабілетін та­нытты. 1972-1986 жылдары ха­лық де­путаттары аудандық кеңе­сі атқару ко­митеті төрағасының бірінші орынба­сары қызметін атқарды. Мәжит Ғұмарұлының Отан алдындағы еңбегі Үкімет пен партия тарапынан өз баға­сын алды. Ол бірнеше орден-ме­дальмен марапатталды. Ол бі­лімін жетілдіруден жа­лықпайтын, ізденімпаз жан еді. Қыз­мет істей жүріп, Орал қаласындағы А.Пушкин атындағы педагоги­калық институтты бітірді.

Журналистика саласында жемісті еңбек еткен Мәжит Жаданов зейнетке шыққаннан кейін де талай замандастары жөнінде мақалалар жазды. Ол бұл жөнінен ерінбейтін. Тіпті Жаңақала, Орал қаласы ғана емес, басқа аудандардан да Мәжит Жаданов жазған мақалалар редакцияларға түсіп жататын.