БҚО-да ардагерлер де жаңажылдық мерекені тойлауда
Жәнібек ауданында ардагерлер бас қосып, мейрамды атап өтті. Аудан әкімі оларды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ұзақ өмір, мықты денсаулық тіледі. Аға ұрпақ өкілдерінің құрметіне аудандық мәдениет үйі қызметкерлері Шынар Қаюпова, Райымбек Кәрімов, Ақтоты Ешматова және басқалары өнер көрсетті. Сонымен қатар ардагерлердің өздері де қарап қалмады. «Ақ ниет» әжелер ансамблі сазсырнайдың демеуімен ән әуелетсе, домбырашы Елеусін Зейнуллин күй төкті. Меңсұлу Жұмақұлова мен Ибрагим Сұлтанов жалынды арнауларын ортаға салса, жәнібектік сазгер әрі әнші Уахит Сариев өз туындысын орындады. Сәния Ғайнөшева мен Серік Мұсағалиев шағын қойылымда сиқыршы мен Алдар көсенің кейпіне енді. Аяз ата мен Ақшақар, ертегі кейіпкерлері де мереке шырайын кіргізе түсті.
Шыңғырлау ауданында ақсақалдар үшін «Мәдина» тойханасында дастархан жайылды. Аудан әкімі Алдияр Халелов елге сыйлы ардагерлермен пікірлесіп, жыл қорытындыларына тоқталып, жылқы жылының жоба-жоспарларымен таныстырды. Шарада майдангерлер С.Ығылманов, А.Рудь, еңбек ардагерлері Т.Байғалиев, К.Таңатов, С.Үмбетова, А.Пашина аудан әкіміне, шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Ардагерлер жастық шақ әуендерін айтса, сәнді шараны мәдениет қызметкерлері де әсем айшықтай білді.