БҚО-да асыл тұқымды мал өсіру үшін кооперативтерге 340 млн. теңге бөлінді
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы БҚО филиалының бастамасымен өткізілген отырысқа саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.
Өткен жылғы қазан айында «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Қазіргі кезде осыған орай елде тиісті жұмыстар атқарылуда. Отырыста облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Есполовтың мәлім еткеніндей, жеке қосалқы шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында өңірде өткен жылы 1928 мүшесі бар 89 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған болатын. Қазіргі кезде облыста мал шаруашылығы бойынша 114, өсімдік шаруашылығы бойынша 1 кооператив жұмыс жасап, барлығы 3154 мүшесі тіркелген. Ал қайта өңдеу саласы бойынша кооператив әзірге құрыла қойған жоқ. 2015 жылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің меншігінде 10874 ірі қара болса, биыл оның саны 17417-ге жетті. 2015 жылы сиырға жүргізілген селекциялық асылдандыру жұмыстары үшін мемлекет тарапынан 244,7 млн. теңге демеуқаржы төленген еді. Биыл осындай жұмыспен 610 асыл тұқымды бұқа мен 16807 бас сиыр қамтылып, бұған 340 млн. теңге демеуқаржы берілді. Сондай-ақ биыл өсімдік шаруашылығымен айналысатын кооперативке 44 тонна тыңайтқыш құнын арзандату үшін 2094,5 мың теңге демеуқаржы төленді. 111,2 литр гербицидтің құнын жеңілдетуге 1013,6 мың теңге берілді.
Күні бүгін «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» ҚР Заңына сәйкес облыста жаңадан ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл тұрғындары үшін мал бордақылау алаңдары мен сүт қабылдау қосынын салуға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалы арқылы несие қарастырылған. Аталған бағдарлама бойынша облыс көлемінде 130 жеке кәсіпкер болып тіркеліп, мал бордақылау алаңдарын құруға 336,5 млн. теңге көлемінде несие берілді.
Отырыста сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы директорының орынбасары Марат Нұрғуатов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалының бас несиелік менеджері Талап Бисембаев, «Ақас» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Қатауолла Ашығалиев сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Отырыста аталып өтілгеніндей, өңірде ауыл шаруашылығы саласында 70 мыңнан астам адам еңбек етеді. Ұсақ шаруашылықтарды ірі кооперативтерге біріктіру өнім көлемі мен еңбек тиімділігін арттырумен бірге жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.