ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында түрлі себептермен ата-анасының бас тартуына байланысты 1072 бала егілмей отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, жүргізілген түсінік жұмыстары нәтижесінде бұрын бас тартқан 100 ата-ана перзенттеріне екпе алуды жалғастырды.
Медицина қызметкерлеріне сенбеу және діни наным-сенімге сүйеніп, екпе ектірмеудің соңы жұқпалы аурулардың таралуына әкелуі мүмкін. Мысалы, 1995 жылы алдын ала егілмеудің салдарынан елімізде 1105 адам дифтерияға шалдығып, соның 66-сы көз жұмды.
Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, 17 жұқпалы ауруға (дифтерия, сіреспе, туберкулез, В гепатиті, пневмококк, полиомелит, қызылша, қызамық және басқалар) қарсы тұрғындарды егуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді.
Айта кетейік, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыста эпидемиологиялық жағдай қалыпты деуге болады, көптеген жұқпалы аурулардың төмендегені және тұрақтылығы байқалды. Оба, тырысқақ, құтыру, түйнеме, туляремия, іш сүзегі, сал, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамық аурулары тіркелген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).