БҚО-да атмосфералық ауаға шығарылған зиянды заттар 2 еседен асты
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында өткен жылы атмосфералық ауаға 84,04 мың тонна ластаушы заттар шығарылды.
БҚО бойынша Экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиевтің мәлім еткеніндей, бұл алдыңғы жылмен (40,69 мың тонна) салыстырғанда, екі еседен артық.
Оның сөзіне қарағанда, бұл «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Орал» магистральдық газ құбырлары басқармасы шығарындыларының көбеюіне байланысты болып отыр.
- Өткен жылы «Орал» магистральдық газ құбырлары басқармасы Жаңақала ауданы аумағында транзиттік құбырға үлкен көлемде жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сол себепті аталған кәсіпорын жергілікті атқарушы органнан атмосфералық ауаға 60 мың тонна заттар шығаруға лимит сұрап, рұқсатын алды. Соның нәтижесінде шығарынды көлемі 48 мың тоннадан асты. Бұл 2024 жылғымен салыстырғанда, 41,34 мыңға өсті, - деді М.Ермекқалиев.
Оның айтуынша, атмосфералық ауаға шығарылатын зиянды заттардың барлық шығарындының 72,45 пайызы (60,88 мың тонна) мұнай-газ кәсіпорындарына тиесілі. Соның ішінде 7,56 пайызы – «ҚПО б.в.» компаниясы, 4,6 пайызы – «Жайықмұнай» ЖШС, 2,7 пайызы – «Конденсат» АҚ, 57,61 пайызы «Орал» магистральдық газ құбыры басқармасының үлесіне тиеді.
Бұл ретте департамент рұқсатын беретін бірінші санаттағы кәсіпорындарға 19,1 мың тонна (2024 жылы – 17,8 мың тонна) ластаушы заттар тиесілі, яғни бұл тек 1,3 мың тоннаға ғана өскен.
- 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында атмосфераның жоғары ластануы және экстремалды деректер тіркелген жоқ, - деп қосты департамент басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал мен Ақсайда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны неліктен салынбай отырғанын жазған едік.