ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазавтожол» ЖШС БҚО филиалының мәліметі бойынша 3 ақпан күні жергілікті сағат 12.30-дан бастап республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы (76-104 км, Тасқаладан Ресей шекарасына дейін) жолында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.
Аталмыш аралықта күшті жел салдарынан бұрқасын көтеріліп, жолдың көрінуін қиындатып тұр.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша бұдан бұрын 3 ақпан күні облыстың кей жерлерінде көктайғақ болып, тұман түсіп, желдің күшейетіні хабарланған болатын.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, тұрғындарға абай болу қажеттігін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауа райы бұзылып, республикалық жолда қозғалысқа шектеу қойылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).