ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауа райының нашарлауына байланысты тағы бірнеше жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне қарағанда, жаңбыр мен көктайғаққа байланысты 11 ақпан күнгі жергілікті сағат 21.00-ден бастап облыстық маңызы бар Тасқала-Аққурай-Болашақ-РФ шекарасы (0-157), Үлкен Шаған-Переметный (0-42) және Орал-Кирсанов (1-83) жолдары барлық автокөлік түрлері үшін жабылды.
Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК« АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша республикалық маңызы бар Самара-Шымкент (195-246 км, Орал қаласынан РФ шекарасына дейін) жолында да қозғалыс шектелді.
БҚО ТЖ департаменті осыған байланысты көктайғақ кезінде алыс жолға шықпау керектігін еске салады. Сондай-ақ жаяу адамдар да абай болған жөн.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда көктайғаққа байланысты тағы да жолдар жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).