БҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Нұрқайыр Құсайыновтың мәлім еткеніндей, тамыз айында қарсақ ауылдағы жеке үйдің ауласына кіріп, екі итті тістеп алған.
Нұрқайыр Ғайноллаұлының сөзіне қарағанда, содан кейін үйдің иесі қарсақты өлтіріп тастап, ветеринар дәрігерлерге хабарлаған.
- Қарсақ өлексесінен материалдар алынып, ветеринариялық зертханаға жеткізіліп зерттелген кезде одан құтыру қоздырғышы табылған. Ауру қарсақ тістеген иттер 10 күн бақылауда ұсталып, кейін иесінің өтініші негізінде жансыздандырылған. Екі ит өлексесінің материалдары да зерттеуден өткізіліп, бірақ олардан құтыру анықталмады. Үйдің ауласына шектеу қойылып, дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілген. Бір атап өтерлік жайт, аталған тұрғын мал ұстамайды, - деді Н.Құсайынов.
Оның айтуынша, ветеринариялық қағидаларға сәйкес ауру ошағына қойылған шектеу кемінде 60 күнге созылады. Сол мерзім аяқталғаннан кейін қорытынды дезинфекция жасалып, зертханада сапасы зерттеледі. Содан соң ветеринарлық инспектордың ұсынысымен ауылдық округ әкімімен шектеудің алынуы жөнінде шешім қабылданады.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында биыл ауыл шаруашылығы жануарлары арасында 6 аса қауіпті ауру ошағы тіркелген еді. Атап айтқанда, инфекциялық ринотрахеиттің 3 (Ақжайық ауданында Шабдаржап, Атамекен және Жолап ауылы), ірі қара бруцеллезінің 2 (Бәйтерек ауданы Көшім ауылы, Теректі ауданы Подстепной ауылы) және ірі қарадан қарасанның 1 ошағы (Теректі ауданы, Сарыөмір ауылы) анықталып, жойылған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да аурудан малы шығынға ұшыраған шаруалар өтемақы ала ма, соны жазған едік.