Жолды бастады да тастады: БҚО-да ауыл тұрғындары дабыл қақты

Фото: Ғайсағали Сейтақ

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Переметный – Поливной – Қаражар бағытында жол құрылысының тоқтап қалғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

Осыған байланысты Kazinform тілшісі Поливной және Қаражар ауылының тұрғындарына хабарласып, мәселені білген еді.

Олардың сөзіне қарағанда, мердігер мекеме биыл көктемде құм-қиыршық тас қоспасын тасып, істі бастаған. Алайда жұмыс шілде айында тоқтап қалған. Содан бері тым-тырыс.

– Қазіргі кезде дала жолымен жүріп жатырмыз. Алда жаңбыр жауған мезгілде жол езіліп, екі ортада қатынас болмай қалады. Автобус келмей, балалар сабаққа бара алмайды. Салынып жатқан жолмен жүру мүмкін емес. Өйткені қиыршық тас өткір, автокөлік дөңгелегін тесіп кетеді. Әкімдік осы мәселеге орай дұрыс жауап бермейді. Енді жолсыз қаламыз ба деп қорқып отырмыз, - дейді тұрғындар. 

Бәйтерек ауданы әкімдігінен алынған мәлімет бойынша Қаражар, сондай-ақ Поливной ауылына 7,3 километр кіреберіс жолды күрделі жөндеу көзделген. Инерттік материал да толықтай жеткізілген. 

– Қазіргі таңда қаржы бөлінбеген. Соған қарамастан, мердігер ұйым «Ануш құрылыс» ЖШС жолдың негізін жасау жұмыстарын қолға алды. Күні бүгін қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім қайтадан жолданды, - делінген ресми жауапта. 

Биыл көктемде Переметный мен Қаражар ауылы арасындағы жолдың езіліп кеткені жөнінде тұрғындар әлеуметтік желіде жазған еді. Әйтсе де мәселе шешілмей, қара күзге дейін созылып отыр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауылмен жол қатынасы қиындап кетуіне байланысты әкімдік жауап бергенін жазған едік.