БҚО-да ауыл тұрғындарының жайылымдық жері сатылып кеткені рас па

Фото Бейбіт Нәсиевтің жеке архивінен

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Амангелді ауылының тұрғындары жайылымнан таршылық көріп отырғаны жөнінде әлеуметтік желіде мәлімет тарады.

БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжанның мәлім еткеніндей, аудан әкімдігінің 2018 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысымен «Brat.M» ЖШС директоры Бауыржан Сакпиреевке Амангелді ауылдық округінде 760 га жайылым және 521 га егістік 10 жылға жалға берілген.

Оның сөзіне қарағанда, жайылым пайдаланылмағандықтан, БҚО жер ресурстарын басқару департаменті тексеріп, 2026 жылғы 1 сәуірге дейін нұсқама берген. Егістік тек 2023 және 2024 жылдары пайдаланылған. 2025 жылы 13 қаңтарда жайылым Айнагүл Иркубаеваға сатылған.

- Тұрғындар кезінде беріліп кеткен осы жерді ауылға кері қайтарып, мал жайылымы ретінде пайдалану қажеттігін талап етіп отыр. Шын мәнісінде Жер кодексінің 26-бабы 3-тармағы және «Жайылымдар туралы» Заңының 13-бабы 2-тармағына сай көпшілік жайылымдар жеке меншікке берілмейді, жеке малдарын жаю үшін халық мұқтажына ғана пайдаланылады, - деді Б.Ахметжан.

Амангелді ауылында тұратын зейнеткер Сайлаш Әжғалиева мал жайылатын жерді кері қайтару бағытында тұрғындармен бірлесіп хат жазып, жергілікті атқарушы органдардың алдынан өткендіктерін жеткізді.

- Сегіз шақырымға дейін жер ауылдың жайылымы болуы керек. Ауыл тұрғындары болып осы мәселеміздің шешілгенін қалаймыз. Өз жерімізді қайтып алғымыз келеді. Сондай-ақ ауылда асфальт жол жоқ. Электр жарығы екі күннің бірінде сөнеді. Соның салдарынан тұрғындардың тұрмыстық техникалары жанып кетеді. Ауыл халқы болып осының бәрі шешімін тапса дейміз, - деді С.Әжғалиева.

Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Тасқала ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.

Әкімдік мәліметіне қарағанда, Амангелді ауылы тұрғындарының мал жайылысына жалпы жер балансы есебінде елді мекен жерлерінің көлемі – 3 235 гектар.

Амангелді ауылдық округінің елді мекен жерлері маңында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер есебінен ҚР Жер кодексіне және қағидаларға сәйкес №4 лот бойынша көлемі 760 га жайылым және №11 лот бойынша 521 га егістік жер учаскесіне өткізілген конкурста «BRAT.M» ЖШС (директоры Б.Сакпиреев) жеңімпаз болып танылған. Қазіргі уақытта аталған жер учаскелерінің жер пайдалану құқықтары 2025 жылғы 13 қаңтардағы №67 сатып алу-сату шартымен А.Иркубаеваға (бухгалтері) ауысқан. Осы елді мекенге жақын орналасқан ЖШС-ның жер учаскелері, соның ішінде 760 га жайылым жеріне нысаналы мақсатына сай пайдаланбауына байланысты тексеріс жүргізу үшін тиісті құжаттар Батыс Қазақстан облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, нұсқама берілді.

- Тасқала ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің анықтамасына сәйкес көлемі 521 га егістік жерлері екі жыл қатарынан, яғни 2023, 2024 жылдары пайдаланылған. Сонымен бірге Амангелді ауылына жақын орналасқан 890 га бос жер учаскесі тұрғындардың мал жайылымына қарастырылған. Ауылдың елді мекен жерлерінен шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері берілмеген, - делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 122 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталғанын жазған едік.