БҚО-да ауыл тұрғыны үйінде есірткі зертханасын жасаған
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы тұрғынының үйінен жасырын есірткі зертханасы табылды.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 35 жастағы ер адам үйінің бөлмесінде есірткі өсіру үшін зертхана жабдықтаған.
Бөлмеден 24 грамм кептірілген қарасора және оның өсіп тұрған 5 түбі мен екі желдеткіш құрылғылары, сондай-ақ шегуге арналған әртүрлі құралдар тәркіленді.
- Сонымен қатар өсімдіктердің өсуіне жағдай жасау үшін пайдаланылған түбі мен мойны кесілген екі пластик бөтелке табылды. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру ҚР заңына сәйкес қудаланады, - деп хабарлады ведомстводан.
ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабына сәйкес мұндай қылмыстар үшін екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, сол мерзiмге бас бостандығынан айыру немесе үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласының тұрғыны саяжай шатырында есірткі зертханасын ұйымдастырғанын жазған болатынбыз.