БҚО-да аурудан малы шығынға ұшыраған шаруалар өтемақы ала ма

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жаңақала, Казталов және Жәнібек аудандарында шаруалар мен тұрғындардың малы ауырып, шығынға ұшырады.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Соның бірі, Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылдық округі Тайғара елді мекенінде тұратын Әзілхан Биарыстановтың мәлім еткеніндей, індеттен 20 бас бұзау, 1 сиыр өлген.

Оның сөзіне қарағанда, тек өзінде ғана емес, ауылдағы малдың көпшілігі дертке шалдыққан.  

— Малдың аузы жазылғанымен, енді аяқтары ақсап, жүре алмай қалды. Олардың да мал болмайтын түрі бар. Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласып едім, олар өлген мал сойылып, акт жасалуы керек дейді. Бізге мал дәрігерлері бастапқыда олай деп айтқан жоқ. Бәрін мал молаларына лақтырдық. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып едім. Ең болмаса кеткен шығын өтелсе деп үміттенемін, — дейді Ә.Биарыстанов.

Осы мәселе бойынша Kazinform тілшісі БҚО ауыл шаруашылығы басқармасына арнайы сауал жолдаған еді.
Басқарма басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев берген мәліметке қарағанда, сатып алған малы ауруға шалдығып, шығынға қалған жағдайда несиеленуші тұлға «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша сенім білдірілген агентке (өкіл) несиені бөліп төлеу немесе мерзімін ұзарту бойынша өтінішпен жүгінеді.

— Өтінішке бағдарлама аясында сатып алынған малының шығынын растайтын арнайы құзырлы мекеменің (ветеринар маманның анықтамасы) дәлелді құжатын қоса ұсынады. Содан кейін сенім білдірілген өкіл өтінішке сәйкес ұсынылған құжаттар топтамасын несиені қарау жөніндегі комиссияға шығарады. Сосын комиссия тиісті шешім қабылдайды, — дейді Р.Зұлқашев.

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов төрт түлік малға жасалып жатқан емнің нәтижесі бар екендігін жеткізді.

— Күні бүгінге дейін ірі қарадан 28 бас мал шығын болды. Сондай-ақ төлдерінен шығын бар. Бірақ барлығына акт жасалмаған. Соны толтыру жөнінде тапсырма берілді. Мал ауруына байланысты сынама қорытындысы әлі келе қойған жоқ, — деді Қ.Айтмұхамбетов.

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев аталған мәселенің бақылауда, Ауыл шаруашылығы министрлігімен үнемі байланыста екендігін нақтылады.

Сонымен қатар өңірде Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округінде де киіктердің өліп жатқанын тұрғындар хабарлады. Салдарынан мал да ауырып, шығынға ұшырап отыр.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов Тайпақта да киіктер қырылғанын растады.

— Қазіргі таңда өлген киік саны 7 025 басқа жетті. Бұл цифр күнде өзгеріп жатыр, — деді ол.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 200-ден астам мал қырылғанын хабарлаған едік. Сондай-ақ 3 300-ге жуық киіктің өлексесі жойылды