БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, «Ұлттық сараптама орталығы» Бөрлі аудандық филиалы жүргізген зертханалық тексерулердің барлығы болымсыз нәтиже көрсеткен.
Атап айтқанда, бірінші және екінші ауысым балаларына берілген сүт қосып пісірілген күріш ботқасынан микробиологиялық тексерістерге, алма жемісінен нитратты анықтау үшін және ішек құрттарына сынама алынған. Сондай-ақ, сүт, балқытылған ірімшік, май, құбыр суы, асхана құралдары, ыдыс, жұмыс киімі, бес асхана қызметкері тексерілген. Олардан да ештеңе табылмаған.
Қазіргі таңда балалар мектепте оқуларын жалғастыруда.
Еске сала кетейік , 20 қараша күні кешкісін Ақсай қаласы маңындағы Қызылтал ауылындағы мектептен іші ауырып, 22 бала түскен болатын. Соның 17-сі 21 қараша күні шығарылған еді.
Бес бала медициналық бақылау үшін ауруханада қалып, оның үшеуіне «өт жолдарының жедел дискинезиясы, гастрит», екеуіне «жедел гастрит» диагнозы қойылды. 22 қараша күні балалардың жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды.