ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 7 және 9 тамыз күндері 95 ауылдық округ әкімін сайлау өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Вячеслав Иночкиннің айтуынша, облыс бойынша барлығы 289 үміткер тіркелген, әр орынға үш адамнан келеді. Ауыл әкімдерін сайлау бұдан төрт жыл бұрын, 2013 жылы тамызда өткізілген болатын. Төрт жылда қызмет мерзімі бітетіндіктен, биыл 151 ауылдық округтің 95-інде сайлау өтеді. Қалған округтерде әкімдердің қызмет ету мерзімі аяқталуына орай болады. Әкімдерді Орал қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, яғни таңдаушылар сайлайды. 7 тамызда Орал қаласы мен Бөкей ордасы, Жәнібек сияқты аудандарда, ал 9-ында Ақжайық, Бөрлі, Қазталов, Теректі, Зеленов секілді ірі, негізінен біріктірілген аудандарда сайлау болмақ. Оралда Круглоозерный, Желаев ауылдарында жаңадан әкім сайланбақ.
Қазіргі кезде үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).