ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ауыл әкімі шектеу шараларына қарамастан ұлының үйлену тойын өткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласындағы мейрамханалардың бірінде өткен тойдың видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев Ақжол ауылдық округінің әкімі Тәтжан Өтемісовтің қалада той өткізгенін растады.
«Қазіргі кезде Тәтжан Өтемісов еңбек демалысында. Карантин шаралары енгізілгенін жақсы біледі, мұндай қадамға неліктен барғанын түсіне алмай отырмыз. Ауыл әкімдері төрт жылға сайланатыны белгілі, сондықтан оның мерзімі аяқталды. Ақжол ауылдық округі әкімін сайлау 30 қазанға белгіленді. Үміткерлер тізімінде Тәтжан Өтемісов жоқ», деді ҚазАқпарат тілшісіне Т.Ғабдушев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).