БҚО-да ауыл шаруашылығы үшін жыл табысты болды
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Үкімет тапсырмасына байланысты биыл өңірде өсімдік шаруашылығын дамыту, егіс алқаптарын әртараптандыру қолға алынды. Соған орай биыл облыстағы егін алқаптары өткен жылғыға қарағанда 26 пайызға қысқартылып, 394,3 мың гектарды құрады. Дегенмен егістіктің 80 пайызына ылғал қорын сақтау технологиясы пайдаланылды. Нәтиже де айтарлықтай. Тұтастай облыс бойынша өнімділік гектарына 10,4 центнерді құрап, өңдеуден кейінгі салмақта 374,3 мың тонна өнім жиналды. Ол былтырғы өнімнен бес есеге жуық көп. Егін алқабы азайғанымен, майлы дақылдарды өсіру 40 пайызға көбейіп, оның жалпы аумағы 116,2 мың гектарға жетті.
Жылыжай шаруашылығын кәсіп еткен батысқазақстандықтар екінші егіс айналымын аяқтауға таяды. Қазіргі кезде облыста 30 жылыжай жұмыс істеуде. 11 мың шаршы метрге жуық аумақты алған жерлерден 35 мың тоннадан астам өнім жиналған. Қаңтар айының соңында аяқталуы тиіс екінші егіс айналымында қияр, қызанақ сынды көкөніс атаулыдан 50 мың тоннаға жуық өнім алу көзделуде.
2010 жылы жабық топырақта көкөніс өндіруді кәсіп еткендердердің ішінен тек бір шаруашылық демеуқаржы алса, биыл олардың қатары бес есеге өсіп, 1176 мың теңге көлемінде демеуқаржы алды.