ОРАЛ.ҚазАқпарат - Қазталов ауданының орталығы Қазталов ауылына жабайы қабан кіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы Ренат Дегенбаевтың айтуынша, оқиға бүгін сағат 05.00 шамасында орын алды.
Малдарын өріске шығарып жатқан тұрғындар «мезгілсіз келген қонақтан» қорқып, хабарласқан. Автокөлікке шапқан қабанның адамдарды жазым етуі мүмкін еді. Сондықтан оны полиция қызметкерлерінің ауылдан айдап шығаруына тура келді.
«Ауыл ішінде жүрген қабан әуелі «Қазпошта» бөлімшесі, содан кейін аудан әкімдігі ғимаратына қарай қашты. Қызметтік көлікке нұқсан келтірмеуді ойлап (қабанның қопарып тастауы мүмкін ғой), жеке автокөлікпен қуды жігіттер. Ақыры ауылдан шығып кетті. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ», -деді ҚазАқпарат тілшісіне Ренат Маратұлы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).