ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теректі ауданы Федоров ауылында су тазалағыш стансадағы судың сынамасынан колиморфты бактериялар табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, аталған ауыл тұрғындарынан ауыз су сапасының төмендігі және оны беруде іркілістің жиі орын алатыны жөнінде әлеуметтік желі арқылы шағымдар түскен.
Соған байланысты Теректі ауданы прокуратурасының тапсырмасы бойынша аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүргізген.
Прокуратураның ұсынысы негізінде тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін «Теректі таза су» кәсіпорнына 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, «Теректі таза су» кәсіпорны су құбыры желісін дезинфекциялап, станциядағы су тазалайтын сүзгі ауыстырылды. Сонымен қатар, судың үзіліссіз берілуі мен жұмысшылар арнайы киіммен қамтамасыз етілді.
Осылайша ауылдағы 5 мың тұрғынның құқығы қорғалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).