ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстепный ауылында мектеп автобусының қатысуымен болған жол апатынан кейін 23 бала, 7 ересек адам Орал қаласындағы ауруханаларға жеткізілді.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, соның ішінде оқиға салдарынан зардап шеккен төрт бала облыстық көпсалалы балалар ауруханасының травматология бөліміне жабық бас-ми жарақаты диагнозымен жатқызылды. Қазіргі кезде дәрігерлердің бақылауымен ем алуда.
- 19 бала, 7 ересек науқас толық тексеруден өткізілді. Атап айтқанда, рентгенография, компьютерлік томография, ультрадыбыстық және зертханалық зерттеулер жасалды. Содан кейін бейінді мамандар қарағаннан кейін ұсыныстармен амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда мектеп автобусы жол апатына ұшырағанын жазған едік.
Орал қаласында № 12 бағытта жүретін маршруттық жолаушылар автобусы Теректі ауданы Подстепный ауылындағы № 2 мектеп автобусының артынан соққан болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).