ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Volkswagen Sharan» автокөлігі 4 жылқыға соқтығысып, 5 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖД баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 9 қыркүйек күні сағат 6:50-де Ақжайық ауданы аумағында болды.
«Орал-Атырау жолының 85-шақырымында Самал ауылы тұсында «Volkswagen Sharan» автокөлігі жылқыларды қаққан. Салдарынан түрлі жарақат алған 5 адам құтқарылып, Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Олардың екеуі – үш айлық және бір айлық сәбилер. Сондай-ақ, 1979 жылғы жүргізуші, 1983 жылғы әйел мен 2001 жылғы қыз зардап шекті», - деп хабарлады ведомстводан.
Оқиға орнына барған трассалық-медициналық құтқару бекеті қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, жылқының бәрі де өлген. Зардап шеккендердің жағдайы анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да автокөліктің жүргізушісімен бірге жанып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).