БҚО-да автокөлік асфальт төсейтін машинамен соқтығысып, бір адам қаза болды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 25 жастағы жігіт мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 5 қараша күні сағат түнгі 00.10 шамасында Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында болды.

22 жастағы жүргізуші орта дәрежелі мас күйінде «Ауди-80» автокөлігінің руліне ие бола алмай, көшеде жол-көлік оқиғасын жасаған. Ол қарсы бетке шығып кетіп, 26 жастағы жүргізушінің басқаруындағы асфальт төсейтін «SUPER 1600-2» автокөлігімен соқтығысуға жол берген.

Жол апаты салдарынан «Ауди-80» автокөлігінде болған 25 жастағы жігіт оқиға орнында көз жұмды. Көптеген жарақат алған жүргізушінің өзі аудандық ауруханаға жатқызылды.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол апаты 3 жасар баланың өмірін қиып кеткенін жазған болатынбыз.