ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында автокөлік жүргізушімен бірге жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 6 қыркүйек күні Жаңақала ауданында өрт сөндіру бөлімінен 75 шақырым жерде болды.
«Сағат 17.59-да Чапаев-Жаңақала жолының 55-шақырымында Toyota Hilux автокөлігі аударылды. Соның салдарынан автокөлік отқа оранды. Өрт сөндірушілер келіп жеткен мезгілде көлік түгелдей жанып кеткен. Құтқарушылар 1973 жылғы ер адамның мүрдесін алып шықты. Көлікте жалғыз болған ол қыстырылып, шыға алмай қалған», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаменті оқиғаны растап, ақпаратты кейін беретінін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда далалық жер өртеніп жатғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).