ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында автокөлік жылқыға соғылып, жас жігіт көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 31 шілде күні Шыңғырлау-Ақсай жолында болды.
«Жол апаты Ақсай қаласынан 15 шақырым жерде орын алды. Жедел жәрдем сағат 23.33-те шақыртылды. Бригада 11 минуттан кейін оқиға орнында болды. Жол апаты салдарынан 1996 жылғы жігіт мерт болды. 22 жастағы жігіт Шыңғырлау аудандық ауруханасына жеткізілді. Жағдайы орташа ауыр. Бас пен мидың жабық жарақатын алып, миы шайқалған. Тиісті емін алып жатыр», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайтынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі автобустың соқтығысуынан зардап шеккендер саны 16-ға жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).