ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында автокөлік жылқыға соғылып, бір отбасының үш адамы қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 16 мамыр күні сағат 22.30 шамасында Ақжайық ауданы аумағында болды.
Орал-Атырау жолының 75-шақырымында Алғабас ауылы тұсында 1967 жылғы жүргізуші айдаған «ВАЗ-21113» автокөлігі екі жылқымен соғылған.
Жол апаты салдарынан салдарынан жүргізушіге қоса оның 85 жастағы анасы мен 13 жасар ұлы оқиға орнында көз жұмды.
Мүрделер сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Сондай-ақ түрлі жарақат алған 61 және 50 жастағы әйелдер Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ауруханаға түскен екі адамның жағдайы орташа.
Оқиға орнында ТЖ және полиция департаментінің қызметкерлері жұмыс жасады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).