ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында автокөлік жылқыға соқтығысып, жүргізуші аса ауыр күйде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 23 желтоқсан күні сағат 00.52 шамасында Чапаев-Жалпақтал жолы бойында орын алды.
Чапаев трассалық медициналық-құтқару бекетінің бригадасы оқиға орнына шұғыл жетіп, «ВАЗ-21012» автокөлігінің жылқыға соқтығысып, 1998 жылғы жүргізушінің ауыр жарақат алғандығын анықтады.
Бригада жедел көмек көрсете отырып, жас жігітті аса ауыр жағдайда Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізді. Кейін дәрігерлер жүргізушінің бас сүйегі мен миына зақым келген деп тапты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жүргізушінің жағдайы аса ауыр екендігін растады.
«Өте ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Ота жасауға, қалаға тасымалдауға жағдайы келмейді», деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынова.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).