ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында автокөлік жылқыларға соқтығысып, үш адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше сағат 19.50 шамасында Ақсай-Бөрлі жолының 10-шақырымында болған.
1958 жылғы ер адам айдаған Митсубиси автокөлігі үш жылқыға соқтығысқан.
Соның салдарынан 1957 жылғы екі және 1960 жылғы әйел адамдар түрлі жарақат алды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, ауруханаға жарақат алғандар басқа көлікпен өздері келген.
Бұғанасы сынған 1957 және 1960 жылғы әйел амбулаторлық ем алуға жіберілді. Кеуде тұсына зақым келген 1957 жылғы тағы бір әйел дәрігердің бақылауына қалдырылды.
Еске сала кетейік, бұл өңірдегі биылғы бірінші оқиға емес. Бұдан бұрын автокөліктің жылқымен соқтығысып, екі адамның ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).