ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында автокөлік жылқымен соқтығысып, екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 2 қаңтар күні кешкісін Ақжайық ауданы аумағында орын алды.
Сағат 20.58-де Чапаев-Қазталов жолының 25-шақырымында 1997 жылы шығарылған Daewoo Lanos автокөлігінің жылқымен түйіскені жөнінде хабар келген.
Чапаев трассалық-медициналық бекеті қызметкерлерінің күшімен (4 адам, 1 техника) екі адам Ақжайық аудандық ауруханасына эвакуацияланды.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, 1961 жылғы ер адам оң қолының білезігінен жарақат алып, жамбасы көгерген. 1964 жылғы ер адамның мойын тұсы көгеріп, басынан жарақат алған. Екеуі де амбулаториялық ем алуға жіберілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).