БҚО-да автокөлікті айдап кетіп, аударып тынғандар 1,5 млн теңге төлейтін болды
12:06, 01 Тамыз 2017
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шыңғырлау аудандық сотында автокөлікті айдап кету дерегі бойынша аудан тұрғындарына қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сотталушылар кісі жоқтығын пайдаланып, үйдің жанында тұрған автокөлікті заңсыз иемденіп, кейін көлік руліне ие бола алмай, аударылған. Соның салдарынан автокөлік толық жарамсыз болып, жәбірленушіге 1,5 млн теңге көлемінде залал келтірілген.
Сот талқысында сотталушылар кінәсін толық мойындап, өкінетіндерін білдірді.
Сот үкімімен сотталушылар ҚР ҚК 200-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, ҚР ҚК 55-бабы 3-бөлігі қолданылып, әрқайсысына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.
Жәбірленушінің пайдасына 1,5 млн теңге материалдық шығын өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.