ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Шалқар көлі маңында жол апаты болды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 15 шілде күні сағат шамамен 18.50-де Тасаншеген-Сарыөмір жолының 18-шақырымында Бозай ауылы тұсында болды.
— Hyundai Solaris автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, аударылған. Жол апаты салдарынан жүргізуші мен жолаушы оқиға орнында жан тапсырды. Тағы бір жолаушы ауруханаға жатқызылды. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. БҚО полиция департаменті жүргізушілерге жол ережесін сақтап, барынша абай болу керектігін еске салады, — деп хабарлады ведомстводан.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, жеңіл көлікте үш қыз болған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жолды күтіп ұстамағаны үшін 66 лауазымды қызметкердің жауапқа тартылғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).