ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері орынбасарының 12 наурыздағы жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, биылғы 8 ақпандағы №5 қаулыға өзгерістер енгізілді.
Оның айтуынша, бұрын мектепке дейінгі балалар ұйымдарында кезекші топтардағы бала саны 15-тен аспайтын еді. Енді ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері №67 қаулысы талаптарын сақтай отырып, кезекші топтарға 25 балаға дейін келуге рұқсат етілді.
Сол секілді сауналар (толымдылығы 50 пайыздан аспауы тиіс, 1 келушіге кемінде 4 шаршы метр есебінде) тек жексенбі күндері ғана жұмыс жасамайды.
Ал ЅРА орталықтар, бассейндер бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес (толымдылығы 50 пайыздан аспауы тиіс, 1 келушіге кемінде 4 шаршы метр есебінде) күн сайын жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 100-ден астам педагогтың коронавирусқа қарсы екпе алғанын, Көрісу күні және Наурыз мейрамына орай жиналуға тыйым салынғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).