БҚО-да балағат сөз айтқан әкімдіктің аппарат басшысы қатаң сөгіс алды

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі БҚО бойынша әдеп кеңесінің отырысында Жаңақала ауданы әкімінің аппарат басшысы Ақан Қапановтың тәртіптік ісі қаралды.

Кеңес отырысында мәлім болғанындай, А.Қапанов аудандық мәслихат төрағасымен кикілжіңге келген. Содан кейін жаға жармасу барысында оған балағат сөз айтқан.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мәселені талқылай келіп, басым дауыспен аппарат басшысына қатаң сөгіс беру туралы ұйғарымға келді.

- Әдеп нормалары – мемлекеттік қызметтің басты тірегі. Мемлекеттік қызметші өзінің әр ісінде әділдік, ашықтық және жауапкершілік қағидатын ұстанғанда ғана халық сенімі артады. Ал аталған қызметші әдеп нормаларына қайшы келетін әрекеттер жасаған. Сондықтан қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданды, - деді департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов.

Сонымен қатар кеңес отырысында 2025 жылдың қорытындысымен құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу деректері бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілерге қатысты әдеп жөніндегі уәкілдер жүргізген талдау нәтижелеріне назар аударылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 42 лауазымды қызметкерге 3,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынғанын жазған едік.