БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, конкурстық құжаттаманы зерделеу барысында білім бөлімі әзірлеген перспективалық мәзірдің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.
Атап айтқанда, кейбір күндері балалардың күнделікті рационында болуы тиіс сүт, қант және май көрсетілмеген.
Сонымен қатар мәзірге 5 компоненттен тұратын күрделі салат енгізілген. Бұл Денсаулық сақтау министрінің «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын бекіту туралы бұйрығының талаптарын бұзу болып есептеледі.
Сондай-ақ тиісті 200 грамм шырынның орнына аталмыш мәзірде осы сусынның көлемі төмендетілген. Яғни 165 грамм болып кеткен.
— Жәнібек ауданы прокуратурасының наразылығы бойынша конкурстардың күші жойылды. Аудан прокуратурасы қадағалау қызметі аясында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жалғастыруда, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да субсидия беру кезінде мемлекетке 7 миллионға жуық теңге шығын келтірілгенін жазған болатынбыз.