БҚО-да баласына дұрыс қарамаған 467 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жуырда түнгі сағат 02.00 шамасында үш жасар баланың көшеде жалғыз жүргені анықталды. Оны бейсауат көріп қалған жас жұп баланың қайда тұратынын, ата-анасы кім екендігін өз бетімен анықтауға тырысқанымен, нәтижесі болмағандықтан, полицияға қоңырау шалған. Тәртіп сақшылары үш жасар баланы алып кетіп, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырған. Баланың ата-атасының кім екені келесі күні ғана белгілі болды.
Баланың анасы Э.Ашимова сотқа жұбайы екеуі ұйықтап қалып, баланың көшеге шығып кеткендігін байқамағаны жөнінде мәлім етті. Баланың жоқ екенін таңертең ғана білген.
БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен азаматша Э.Ашимова ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 442-бабы 2-бөлімі негізінде кінәлі деп танылып, оған ескерту ретінде жаза тағайындалды.