ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында балық аулап жүрген адамдардың суға кетуіне байланысты бір күнде екі оқиға тіркелді.
БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, кеше сағат 18.00-де Ақжайық ауданы Мерген ауылдық округі аумағында, Первомай ауылынан 18 шақырым жерде Грачи-1 өзенінен балық аулау кезінде Чапаев ауылының 1957 жылғы тұрғыны суға кеткен.
Өзен ортасында қайық аударылып, содан балықшы да бірге кеткен. Балықшының денесін оқиға куәгерлері шығарып алған.
Осыған ұқсас оқиға Теректі ауданы Долинный ауылы маңында Солянка өзенінде 16 қазан күні сағат 12.30-да орын алды. Мұнда 1988 жылғы тұрғын балық аулау кезінде суға кеткен. Оның денесін құтқарушылар (3 адам, 1 техника) іздестіргенімен, әлі табылмай отыр.
Қазіргі кезде аталған оқиғалардың жай-жапсары анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).