БҚО-да балық аулау ережесін бұзған 45 адамға айыппұл салынды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Бекіре – 2023» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 45 адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, олар ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексі 383-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылып, 776 250 теңге айыппұл «арқалады».
«Сонымен қатар ҚР ҚК 335-бабы 1-бөлігіне (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес 8 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Мысалы, Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылдық округі Бітік су қоймасы жанында «Тойота-РАФ-4» маркалы автокөлігі тексерілді. Орал қаласының 1947 жылғы тұрғыны тиісті құжаттарсыз балық тасымалдаған. Полиция қызметкерлері резеңке қайық пен торлармен араласқан 8 қап балықты тәркіледі. Сол секілді Ақжайық ауданы Шабдаржап ауылы маңында Жайық өзенінен заңсыз балық аулады деген күдікпен 1988 және 1989 жылғы ер адам ұсталды. Олардан үш балық аулау құралы, ағаш қайық, 14 қап балық алынды», - деп хабарлады ведомстводан. Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да куәлігі жоқ жүргізушінің жол ережесін бір күнде 13 рет бұзғанын жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).