БҚО-да барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындар алдында есеп береді
Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, шаһар басшысы Алтай Көлгіновтің және қалаға қарасты ауылдық округ пен кент әкімдері есептік кездесулерінің кестесі бекітілді. Алғашқы жүздесу Круглоозерный кентінде 14 қаңтарда өткізілмекші. Одан кейін Зачаган, Желаев ауылдық округінде 15, 16 қаңтарда, 12 ақпанда Орал қаласында жалғаспақшы. Осыған байланысты қаланың сегіз жерінде тұрғындар ұсыныс-тілектерін, сауалдарын алдын ала жолдау үшін жәшіктер орнатылмақшы.
Сырым ауданы әкімдігінен хабарлағанындай, мұнда 13 қаңтардан бастап 12 ауылдық округ әкімі өз есептерін бермек. Сондай-ақ Сырым аудандық «Сырым елі» газетінде аудан әкімі Абат Шыныбеков баяндамасының желілері жарияланды. Ауылдық округтерде арнайы жәшіктер орнатылады.
Өңірде қала, аудан, ауылда әкімдер өткен жылды қорытындылап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, алдағы іс-жоспарларын белгілейді.