БҚО-да бәсекелестік заңнамасын бұзған мекемелерге 16 млн астам теңге айыппұл салынды

Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілеріне қатысты үш тергеу ісі мәресіне жетті.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Салауат Уахитовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте заңнаманы бұзғандар қатарында «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ, Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мекемесін атады.

Оның сөзіне қарағанда, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 2 әкімшілік іс қозғалып, монополиялық кірісін тәркілеу арқылы 16 млн 176,726 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

- Сонымен қатар ҚР ҚК 177-бабының 1-тармағында көзделген жосықсыз бәсекелестік белгілері бойынша заңбұзушылықтарға жол берген «Батыс Қазақстан радиологиялық сынақ зертханасы» ЖШС-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 163-бабының 2-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды, - деді С.Уахитов.

Оның мәлімдеуінше, нарық субъектілері жүзеге асыратын қызмет түрлерін құру, кеңейту және өзгерту, сондай-ақ монополияға қарсы органның келісімі алынбаған қызмет түрлерін жүзеге асыру фактілерін анықтау тұрғысынан мемлекеттік кәсіпорындар қызметіне қатысты 12 мониторинг жүргізілді.

- ҚР бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес келмейтін немесе монополияға қарсы органмен келіспеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын квазимемлекеттік сектор нарығының 6 субъектісі анықталды. Олар бойынша 6 мемлекеттік кәсіпорынның атына бәсекелестікті қорғау саласындағы ҚР заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқамалар енгізілді. Бұлардың бесеуі орындалды, біреуі орындалу үстінде. Сондай-ақ биылғы алты айда 2024 жылдың соңында жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша 11 нұсқама шығарылды, - деді департамент басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тендер өткізу кезінде бәсекелестікке қарсы әрекетке жол берілгенін жазған едік.