ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жәбірленушілерге 7 млн-нан астам теңге залал келтірген баукеспе ұры ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 31 жастағы ұры 2019-2021 жылдар аралығында 37 ұрлық жасаған.
Күдікті жеке үйлерден, салынып жатқан нысандардан, гараждардан құрылыс құралдарын, алтын бұйымдар, ақша жымқырған. Оның ұрлықты түнгі уақытта жасағаны анықталды. Құрылыс заттарын базарға апарып, сатса, алтын бұйымдарды ломбардқа өткізген, ақшаны өз қажетіне жұмсаған.
Қазіргі кезде келтірілген шығын 7 млн теңгеден асып отыр, оның 65 пайыздан астамы өндірілген.
«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігіне (ірі мөлшерде жасалған ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 128-бабы тәртібімен уақытша оқшаулау изоляторына қамалды», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қылмыстық топтың малды атып алып кетіп отырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).