БҚО-да байланыс операторларына салынған айыппұл 138 млн теңгеден асты

Фото: Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 405 ауыл болса, соның 343-і немесе 85 пайызы интернет желісімен қамтылған.

БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 376 елді мекенде (93 пайыз) ұялы байланыс пайдаланушылар дыбыстық қоңырау шала алады.

Нұрғиса Мәлікұлының сөзіне қарағанда, биыл Beeline және Kcell байланыс операторлары Орал, Ақсай қалалары мен 30 елді мекенде жаңа базалық станцияларды орнатуды көздеген болатын. Күні бүгін 21 станция орнатылды. 

Оған қоса жоспарланған 225 ауылдың 202-сінде қолданыстағы базалық станцияларына 4G стандартына дейін жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Жыл соңына дейін Kcell байланыс операторымен тағы үш елді мекен жаңа базалық станциямен қамтамасыз етілмекші. 

– Басқарма «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» РМК-мен бірлесіп Орал қаласы және аудан орталықтарының ұялы байланыс қызметтерінің сапасын өлшеу жұмыстарын жүргізді. Байланыс операторларына тексеріс қорытындысы бойынша талдау ақпараты жолданып, келер жылға жұмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныс берілді, - деді Н.Қамашев.

Оның айтуынша, биылғы 11 айда өңіраралық байланыс инспекциясы байланыс операторлары қызметінің сапа көрсеткіштеріне сәйкестігін тексеру мақсатында жоспардан тыс 21 тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде байланыс операторларына 38,2 млн теңге көлемінде (соның ішінде Beeline – 26,4 млн теңге, Tele2 / Altel – 11,8 млн теңге) әкімшілік айыппұл салынды. Өткен жылы жоспардан тыс 35 тексеруден соң 67,6 млн теңге айыппұл салынған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да байланыс операторларына 165 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.