БҚО-да «Бекіре-2011» жедел алдын алу шарасы өткізілуде
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен Гүлжан Қанатованың хабарлағанындай, облыста жалпы ұзындығы 1965 шақырымға жететін 55-тен астам өзен-су бар, соның ішінде ең ірісі Жайық өзені (815 шақырым) табылады. Өңірде сондай-ақ 4 млн. гектар жерді алып жатқан 41 аң шаруашылығы, республикалық дәрежеде ерекше қорғалатын 3 аумақ бар.
Биылғы ақпанға дейін департаментте табиғат қорғау және ветеринарлық полиция тобы қызмет етіп келді. Мұнымен осыншама аумақты қамту қиын еді. Сондықтан биыл ІІМ бұйрығымен полиция подполковнигі Олег Недопекин басқаратын, құрамында жеті адам бар арнайы бөлім құрылды.
«Бекіре-2011» іс-шарасы кезінде департаменттің өзге бөлімшелерінен 20 қызметкер аудандарға жіберіліп, қосымша 4 автокөлік бөлінді.
Шара барысында облыс орталығына ешқандай рұқсатсыз қара балық әкеле жатқан азаматтар ұсталды. Мәселен, 10 сәуірде Ақжайық ауданы Алғабас ауылы маңында 20 жасар жігіт айдап келе жатқан «Фольксваген-Пассат» автокөлігінің жүксалғышынан 362 кг балық табылды. Ілбішін ауылы тұсында 1988 жылғы М. 843 кг балығымен қолға түсті. Осы жерде 1143 кг балық тиелген тағы бір автокөлік тоқтатылды. 11 сәуірде Мерген ауылы жанында 1168 кг балық салынған көлік те алысқа ұзаған жоқ. 15 сәуірде Орал қаласына кірер тұста «Фольксваген-Шаран» автокөлігінің жүксалғышынан 511 кг балық шықты. Сондай-ақ 16 сәуірде Орал қаласының 46 жасар әйел тұрғыны 1022 кг балықпен тұтылды.
Қазіргі кезде барлық істер бойынша тергеу жүргізілуде, айыптылар жазасын тартатын болады.