ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында бекіре тұқымдас балықтар мен оның уылдырығын заңсыз алып, сатумен және тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жүргізілген шаралар нәтижесінде ұйымдасқан топтан 2 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық, түрлі балықтан алынған 113 кг уылдырық және басқа заттай айғақтар тәркіленген.
«Қазіргі кезде департаменттің тергеу басқармасы ҚР ҚК 339-бабы (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) және 262-бабына (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде», деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).