БҚО-да белгілі кәсіпкер В.Волков іздестірілуде
11:49, 16 Қазан 2013
ОРАЛ. 16 қазан. ҚазАқпарат - 13 қазан күні таңертең облысқа белгілі кәсіпкер, «Талап» АҚ президенті, 1952 жылғы Владимир Волков «Робинзон-44» жеке ұшағымен ұшып шығып, содан хабарсыз кеткен.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оның қасында осы компания қызметкері, 1951 жылғы Григорий Поляничко болған. Ұшақ шамамен Орал-Жаңақала-Тасқала-Шежін-Орал бағытында ұшуы керек еді.
Кеше Волковтың зайыбы Ольга Дунаева ерінің жоғалып кеткені жөнінде ішкі істер органына хабар берген.
Қазіргі кезде іздестіру жұмыстары жалғасуда.
В.Волковтың жоғалғаны жөніндегі мәліметті бүгін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялық қызметінде өткізген баспасөз мәслихатында да растады.