Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Өтегеновтің сөзіне қарағанда, Аралтал ауылындағы 100 үйдің 50-і үш, қалған жартысы төрт бөлмелі. Күні бүгін үйлердің құжаттары жасалуда. Алдағы тамыз айының ортасынан Березов және Бестау ауылының тұрғындары осында көшіріле бастайды. Аралталда бой көтерген 300 орындық мектеп те жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда сегіз шақырымдық жол, тротуарлар салынып, көшелер жарықтандырылуда.
Өңір басшысы аталған ауылдар тұрғындары салқын түскенше орналасып үлгеруі үшін Ақсай қаласы Қарашығанақ шағынауданындағы қос көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы қыркүйек айында толық та сапалы аяқталуы керектігін жеткізді. Қазіргі кезде көшетін тұрғындар жұмыс тобын құрып, құрылыс жұмыстарын өздері қадағалауда. Олардың балаларына арналған балабақша осыған дейін пайдалануға берілсе, енді мектеп те дайын болмақ. Сонда тұрғындар үшін барлық жағдай жасалады.
Еске сала кетейік, 2014 жылғы 28 қарашада балалар жаппай газдан уланған оқиғадан кейін Үкімет қаулысына сәйкес көшірудің бірінші кезеңінде 82 (Березовтан 75, Бестаудан 7) отбасы, барлығы 416 адам Ақсай қаласының 5-шағынауданында салынған 80 және 75 пәтерлік үйлерге көшірілген болатын.