ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қызылшамен ауырған бес адам тіркелді, соның біреуі - 14 жасқа дейінгі бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Валентина Кенжеғалиеваның айтуынша, Бәйтерек ауданында - 1, Сырымда - 2 және Орал қаласында тағы екі адамның ауырғаны белгілі болды.
Олардың біреуі - мектеп оқушысы, 1 медицина қызметкері мен 1 қызметші, екеуі жұмыссыз.
Күн сайын қызылша ауруына қатысты мониторинг жүргізілуде.
Қызылшамен ауырғандармен байланыста болған 418 адамға медициналық бақылау орнатылды. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 39 адам егілді.
Елімізде осы ауру түрінің көбеюіне байланысты 33 баланың ата-анасы екпеге деген көзқарасын өзгертіп, вакцина салдыруға келісті.
Еске сала кетейік, бұдан бір ай бұрын Оралда әйелдің қызылшамен ауырғанын жазған болатынбыз.
Ауру адам арқылы жұғады. Қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жолы - вакцинация. Қазақстанда қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі: біріншісі 1 жаста және екіншісі 6 жаста..
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).