БҚО-да бес бірдей мектеп бой көтермек
Сала қызметкерлерін ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және жаңа жыл мерекесімен құттықтаған өңір басшысының атап өткеніндей, тәуелсіздік жылдарында Елбасы тапсырмасына сәйкес жас ұрпаққа білім беру ісіне баса көңіл бөлініп, жаңа реформалар қолға алынды. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі мерзімде тек Батыс Қазақстан облысының өзінде 60 мектеп салынды. Биыл өңірде 17 білім нысаны күрделі жөнделсе, тағы бір мектеп жаңадан тұрғызылды. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Шыңғырлау ауданында 290 орындық «Болашақ» балабақшасы пайдалануға берілді. Биыл халық санының көбеюіне байланысты Орал қаласында қос мектеп құрылысы басталса, тағы екеуі келесі жылы салынбақ. Зеленов ауданы Дариян ауылындағы білім ошағын қосқанда, алдағы жылы өңірде бес бірдей мектеп іске қосылмақшы. Әрине, білім беру саласының мәселелері мектеп салумен шектелмейді. Сондықтан тоқсан сайын сала қызметкерлерімен кездесіп, келелі жайттарды бірлесіп шешу жөнінде келісілген болатын. Бұл жолғы талқыға түсіп отырған 12 жылдық білім беруге біртіндеп көшу, білім мазмұнын заманауи талаптарға сай жаңарту мәселесі де сондай маңызды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, 2015-2016 оқу жылы бастауыш білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен оқу бағдарламасын байқаудан өткізетін республика бойынша 30 білім ордасы белгіленсе, соның ішінде БҚО-дан Орал қаласындағы М.Ықсанов атындағы №36 және Теректі ауданындағы Шаған орта мектебі бар еді. Осы мектептерде өткен оқу жылында 146 шәкірт сынақтан сәтті өтіп, қазір олар 2-сыныпта сабақтарын жалғастыруда. Сол секілді биылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім ордасында Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі негізінде 1-сыныптарға жаңартылған білім беру мазмұны енгізілді. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында біліктілікті арттыру курстарымен 2,5 мыңнан астам мұғалім қамтылды. Аталған екі мектептің іс-тәжірибесін тарату жұмыстары қолға алынды. Міне, бүгінгі жиында ұстаздар осы мәселелер жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
Шара соңында жаңа жобаны жүзеге асыруға белсене қатысқан сала қызметкерлері ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен облыс әкімінің алғысхаттарымен, сондай-ақ облыстық білім басқармасының құрмет грамоталарымен марапатталды.