ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бес жасар бала үшінші қабаттан құлап кетіп, көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қайғылы оқиға кеше сағат 12.13-те Жаңақала ауданының орталығы Жаңақала ауылында болды.
Меңдіханов көшесі бойында үш қабатты үйде қараусыз қалған 2014 жылғы бала терезеден құлап кеткен.
Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы (3 қызметкер, 1 техника) барды.
БҚО ТЖД ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауды сұрайды. Сонымен қатар пластикалық терезелерді орнату кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін ТЖД БҚО трассасында бір адам ажал құшып, төрт қытайлық зардап шеккенін, сондай-ақ Оралда ер адам пойыз астына түсіп, көз жұмғанын хабарлаған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).