БҚО-да «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» эстафетасы қайтадан Оралға жеткізілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ҚХА жылы аясында ұйымдастырылған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы мәреге жетті. Эстафетаны қорытындылаған Теректі ауданы делегациясы оны Орал қаласына тапсырды.

Осыған орай қала әкімдігінің мәжіліс залында «Мәңгілік ел идеяларын жүзеге асыру жолдарының басты бағыттары» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтіп, онда этномәдени бірлестіктер өкілдері өз ой-толғамдарымен бөлісті. Олардың атап өткеніндей, Елбасымыздың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы жиырма жыл ішінде бірегей ұйым екендігін әлемге таныта білді. Халқымыздың Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті етіп қайтадан сайлауы оған деген ел сенімінің аса жоғары екендігін, ұлтаралық келісімді нығайту, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру жолындағы қадамдарын толық қолдайтындығын білдіреді.

Теректі аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мұсағали Төлегеновтің айтуынша, Елбасымыздың салиқалы саясаты арқасында елімізде бейбітшілік пен тыныштық, ұлтаралық татулық пен бірлік салтанат құрып, Қазақстан қарышты дамып келеді. Теректі ауданының өзінде 29 ұлт өкілдері ынтымақ ырысқа жеткізетінін түсініп, қажырлы еңбек етіп, тату-тәтті өмір сүруде. 15 ауылдық округтің әрқайсысында қоғамдық келісім кеңестері құрылған. ҚХА жылы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата заңымыз бен Ассамблеяның 20 жылдығына орай мәнді шаралар жалғасуда. Аудандағы Достық үйінде алты этномәдени орталық жұмыс жасап, түрлі істердің ұйытқысына айналуда.

Шараға қатысушылар облыстық қазақ драма театрында аудан жетістіктерін паш ететін көрмені тамашалады. Көрмеде ауданнан арнайы келген қазақ, орыс, татар, белорус, украин ұлттық-мәдени орталықтары және өткен жылы құрылған «Өркендеу» кәріс этномәдени орталығының өкілдері келген қонақтарға ұлттық тағамдарынан дастарқан жайып, дәм ұсынды. Көрмеге келушілер аудандық балалар шығармашылығы үйі жасөспірімдердің туындылары мен қолөнер бұйымдарының көрмесін де көрді.

Теректі көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілік көңілінен шығып, ел іші өнер кеніші екендігін, өңірде талантты орындаушылардың, шығармашылық ұжымдарының көптігін көрсетті. Шара соңында аудан әкімі Жеңіс Серікқалиев «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» эстафетасын қала әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиевке табыстады. Сонымен қатар Әйтиев көшесіндегі спорт кешенінде волейбол мен шағын футболдан жолдастық кездесулер өтті. Жеңімпаз командалар мен жекелеген аталым иегерлеріне қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан алғысхаттар мен кубок табыс етілді.

Айта кетейік, аталмыш мегажоба биылғы 20 ақпанда басталып, онда алғашқы болып Орал қаласы өкілдері Зеленов ауданына сапар шегіп, эстафетаны табыс еткен еді. Осылайша мегажоба шаралары барлық ауданда өткізілді. Мегажоба Қазақстан халқының бірлігі күні қорытындыланатын болады.