ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл төрт бірдей білім беру нысаны бой көтермек.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Арман Өксікбаевтың мәлім еткеніндей, Оралға қарасты Деркөл кентіндегі 600 орындық мектеп құрылысына 450,0 млн. теңге, Шыңғырлау ауданы орталығында 290 орындық балабақшаға биыл 250 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ Зачаган кентіндегі 1200 орындық және Жаңақала ауданы орталығындағы 100 орындық интернатымен 600 орындық мектеп құрылысын аяқтауға сәйкесінше 1052,3 млн. және 631,6 млн. теңге қаралды. Сонда барлығы 2383,0 млн. теңге жұмсалмақшы.
Денсаулық сақтау саласында Орал қаласында 150 төсектік балалар сауықтыру орталығын салу көзделуде, бұған 2015 жылы 300 млн. теңге кетпек. Сол секілді 300 төсектік қалалық көпбейінді аурухана құрылысын бітіруге 2598,3 млн. теңге берілді. Бұл салада құрылысқа барлығы 2898,3 млн. теңге қарастырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).